Менің есімім Гүлфайруз Иса.
Мен халықаралық тренермін және коучпын.
Менің оқытушылық тәжірибем университеттегі жұмысымнан басталды. Теория жүзінде алып шыққан білімімді іс жүзінде сыналды. Алғашқы 5 жыл мен үшін құрыштың қалай шынығатынын үйретті: қайнаған педагогтік өмірдің ортасынан бір-ақ шықтым. Жап-жас оқытушыны «пісіріп» алған алғашқы студенттерімнің кішілері менімен құрдас, үлкендері 2-3 мүшел үлкен болатын, мінездері де, деңгейлері де әртүрлі. Табиғи қабілетім шығар, бірінші лекциядан бастап-ақ қағазға үңілуді әдетке айналдырмадым. Оның көмегі көп болды: студенттерді үнемі бақылап отыруға болатын еді, дәріс оқып тұрып, кімнің немен айналысып отырғанын, сабаққа ықыласының қандай екенін немесе оның қай жаққа ауып бара жатқанын көздерінен, қимылдарынан аңғарып отыратынмын. Бұл менің топпен жұмыс істеу, топты басқара алу білігімді қалыптастырды. Кейіннен авторлық курстарымда бұл тәжірибем мені көптеген күрделі жағдайлардан алып шықты. Пәндердің әртүрлілігі, топтардың алуандығы одан әрі қарай шыңдай түсті.
Аудармашылық тәжірибем студент кезімнен басталды, бұған менің барға қанағат етпей, жаңа білім іздеуім ықпал етті. Қазақ тобында оқысам да, тапсырмаларды дайындау барысында орыс тіліндегі әдебиеттен де деректерді қарап, сабақ айту үшін оларды қазақшаға аударатынмын. Осындай қарабайыр аударма мені жаңа кәсіпке алып келді. Кәсіби аударманың қыр-сырына қаныққан сайын оның үлкен өнер екенін мойындаймын: бір тілде туған соны ойды басқа тілдің адамы түсінетіндей етіп аудару – нағыз өнер. Аудармашы лауазымында жүріп, кәсіби кеңес алу/беру және аудармашы мамандарды оқытуға деген зәрулікті түсіндім. Өзімнің оқытушылық тәжірибем мен аудармашылық біліктілігімді біріктіріп, «Жазба аударма техникасы» курсын әзірледім.
Оқыту, білім беру – игі іс. Біліміміз бен тәжірибемізді сіздермен бөлісуге қуаныштымыз!